М.О. Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институты құрамындағы Қолжазба бөлімі жеке құрылым ретінде 1962 жылы ашылды. Ал осы бөлімдегі қолжазбалар қорының тарихы одан ертеректен басталады. Ресми деректерге қарағанда, ол халық әдебиетін жинау, жариялау ісімен тікелей байланысты болды. Қолжазбалардың бір орынға жиналуы  Қазақстанда Кеңес үкіметі орнағаннан кейін алғашқы фольклорлық-ағартушылық жұмыстың бір саласы ретінде жүргізілді. Қазіргі белгілі алғашқы қолжазбалардың кейбіреулері  1921 жылы Ә. Диваев ұйымдастырған фольклорлық-этнографиялық экспедициялардың іздестіру-жинау жұмысы нәтижесінде фольклор зертеушілер қолына түсіп пайда болған.

     Бұл бөлімді әр жылдары белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалымдар: Кеңестер Одағының батыры, КСРО Педагогикалық ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор М. Ғабдуллин, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар: М. Базарбаев, Ә. Нарымбетов, О. Нұрмағамбетова, Ш. Ыбраев, А. Сейдімбек, Ж. Тілепов, Б. Әзібаева, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С. Қасқабасов, филология ғылымдарының кандидаттары: С. Сейітов,       Ү. Субханбердина, С. Қосанов, Т. Әлбеков басқарды. Қолжазба бөлімінің негізгі қорын 300 000-нан астам  атаудан тұратын 1500-дей бумада жинақталған қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар т.б.) ескі қолжазбалар   және ХІХ-шы және ХХ-шы ғасырдың басында жарық көрген қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты литографиялық  кітаптар, сондай-ақ  жалпы ұзындығы 700 шақырымдай болатын 300-ге жуық аудиотаспа мен  микрофильм, микрофишалар құрайды.

     Бөлім қызметінің басты ғылыми бағыттары мыналар:

  1. Қазақ қолжазбаларын заман талабына, қазіргі заманғы белгіленген  мәртебесі мен маңызына сәйкес реставрациялау, консервациялау және олардың қолжазба мұра күйінде сақталуына, болашақ ұрпақтың пайдалануына жағдай жасау;
  2. Қолжазба мұраларды ғылыми айналымға түсіру және оларды жүйелі жариялау арқылы жас ұрпақтың игілігіне жарату.

     Осы бағыт-бағдарларды іске асыру мақсатында әр жылдары төмендегідей жұмыстар атқарылды:

  • бұрын зерттелмеген, жарық көрмеген және белгісіз болып келген, сондай-ақ тыйым салынған халық әдебиеті үлгілерінің ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарын дайындау;
  • қолжазба мұраларды жанр бойынша жүйелеп, ғылыми сипаттамасын жазу, сол арқылы  ғылыми айналымға енгізу;
  • қолжазбалардағы фольклорлық және авторлық ауыз әдебиеті үлгілеріне  мәтінтанулық зерттеулер жүргізу;
  • қолжазбалардыконсервациялау, мұрағаттау, қайта қалпына келтіру, қайта көшіру, мағынасын ашу және транскрипциялау, көне қолжазбаларды СД-ROOM-ға көшіру (400 к/диск).

     Қолжазба қорының негізін қазақ халқының бай фольклорлық мұрасы, атап айтқанда ғашықтық, қаһармандық, тарихи, романдық, дастандық, ертегілік эпостары; діни, романдық, новеллалық дастандары; батырлық, қиял-ғажайып, новеллалық, сатиралық және жан-жануарлар туралы ертегілері; айтыстар; жұмбақтар, мақал-мәтелдер, қара өлең, ғұрыптық, балалар фольклоры үлгілері, ақын-жыраулар, би-шешендер, халық ақындары мұраларының үлгілері құрайды. Олардың дені  ХІХ ғасырдың 70 – 80 жылдарынан бері хатқа түсіп,  қазақ халқының рухани өміріне айырықша ықпал етіп келді.

     Жазба жәдігерлер арасында М. Байжановтың, Т. Ізтілеуовтің, Ш. Жәңгіровтің, С. Шормановтың авторлық қолтаңбалары сақталған, сондай-ақ Бұхар жырау, Ақтамберді, Шалкиіз, Жиембет  жырау, Абай, Нұржан, Әбубәкір Кердері, Дулат, Мұрат, Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп, Нарманбет, Албан Асан сынды ХҮ–ХХ ғасыр басында өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларының фотокөшірмелері мен қолжазбалары бар. Сонымен бірге Қазан төңкерісіне дейін  жазылып алынған  және басылып шыққан фольклорлық туындылардың Қазан, Уфа,   Санкт-Петербург, Ташкент т.б. қалаларда араб қарпінде жарық көрген басылымдары жинақталған.

     Қордың және бір ауқымды бөлшегін  М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әр жылдары ұйымдастырған  фольклорлық экспедицияларда аудиотаспаларға жазып алынған қазақтың аспаптық музыкасы мен музыкалық фольклорының, әсіресе халықтың «төкпе» және«шертпе» күй мектептерінің аса көрнекті өкілдері: Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет, Есір, Баламайсан, Мәмен, Еспай, Сүгір, Қорқыт, Ықылас, Абылай хан күйлері, күйші-композиторлар: Т. Момбековтің, Н. Тілендиевтің,     Г. Асқаровтың, Ғ. Хусаиновтың,  С. Нұрбаеваның, А. Қожабергеновтің (1958, 1962, 1964 жж. ғылыми экспедициялар) төл шығармалары, Ақан, Біржан, Естай, Жаяу Мұса, Кенен секілді әнші-ақындардың фономұралары, Кеңес кезеңіндегі өнер майталмандарының, танымал халық ақындарының, жыршы-термешілердің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың аудиожазбалары құрайды.

     Институт мұрағатындағы мәліметтерге қарағанда, Қолжазба бөлімі 1962 жылы бөлім меңгерушісінен (лауазымды бірлік – бос),  1 аға ғылыми қызметкерден (филология ғылымдарының кандидаты Ш. Ахметов), 1 кіші ғылыми қызметкерден (Г. Сұлтанғалиева), 1 аға лаборанттан  (Т. Қанағатов) және 1 лаборанттан (С. Шоқпарова) тұратын шағын штатпен қызмет істей бастады.

     Осы жылы институттың 1959-1962 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жоспарындағы  «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық зерттеуінің советтік фольклор бөлімі (Алматы, 1961. І том, ІІ бөлім) жарық көрді. Бұл зерттеу жұмысына институттың барлық фольклорлық бөлімдері қатысқан, олардың арасына Қолжазба бөлімінің қызметкерлері: Ш. Ахметов пен Г. Сұлтанғалиеваның ғылыми-зерттеу еңбектері де енген. 1962 жылы бөлім қызметкерлері қатысуымен «Ақындар айтысы» атты айтыстар жинағы жарыққа шықты (Құраст.: Е. Ысмаилов, Б. Ысқақов, Ш. Ахметов. Алматы, 1962).

     1963 жылы институт директоры М.Базарбаевтың бұйрығымен (12 сәуір, № 34.) Қолжазба бөлімі «Қолжазба және мәтінтану бөлімі» болып қайта құрылады. Оған институт жанындағы қолжазбалар қорын толықтыру, оларды жүйелеу және мәтіндерді зерттеп, ғылыми жұмыстар жазу міндеті жүктелді.

     Жаңа бөлімнің меңгерушісі қызметіне белгілі фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллин тағайындалды (Ол бұл қызметті осы күннен бастап 1968 жылдың наурыз айына дейін атқарды). Бөлімде М.Ғұмарова, Ш.Ахметов (аға ғылыми қызметкерлер), Б.Ысқақов, Г.Сұлтанғалиева, Т.Абдрахманова (кіші ғылыми қызметкерлер), Т.Қанағатов, С.Шоқпарова (аға лаборанттар), Қ.Қабдолова (лаборант) сынды қызметкерлерден құралған шағын ұжым қалыптасты.

     Осы жылы қолжазбаларды ғылыми-техникалық рәсімдеу және өңдеу жұмыстары бойынша алғашқы нұсқаулық құрал дайындалып, қолжазбалардың тақырыбы, жанрлары анықталды және материалдарды жинаушылар мен мәтіндердің авторлары белгіленді. Әсіресе ХҮІІІ, ХІХ ғасырлардағы және  ХХ ғасыр басындағы ақын-жыраулардың өмірбаяны мен олардың шығармаларын жинаушыларға қатысты көптеген жазба материалдар топтастырылып, ғылыми өңдеуден өткізілді. Сондай-ақ кейбір ескі жазумен жазылған қолжазбалардың толық тізбесі жасалып,  олардың қысқаша мазмұны түзілді.     1963 жылы Қолжазба және мәтінтану бөлімнің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты  М.Ғұмарованың құрастыруымен қазақтың аса көркем фольклорлық туындыларының бірі– «Қыз Жібек» жырының қазақ, орыс тіліндегі  ғылыми басылымы жарыққа шықты  (Қыз Жібек. Құраст.: Н.Смирнова, М.Ғұмарова). Сонымен бірге Фольклор,  Қолжазба және мәтінтану бөлімдері қызметкерлерінің араласуымен 1961–1964 жылдар аралығында  «Батырлар жырының» үш томдық ғылыми басылымы әзірленді (Құраст.:М.Ғұмарова, Б.Уақатов, т.б.).

     1964–1965 жылдары Қолжазба және мәтінтану бөлімінің қызметкерлер құрамы кіші ғылыми қызметкер Т.Абдрахмановадан (басқа бөлімге ауысқан) басқалары өзгеріссіз жұмыс істеді. Осы кезде бөлім қызметкерлерінің жұмылуымен қолжазбалардың көрсеткішін дайындау және оны ғылыми-техникалық рәсімдеу мен мәтінтанулық зерттеулер бойынша мынадай жұмыстар атқарылды:  бөлімнің бүкіл қолжазба қорын талапқа сай тәртіпке келтіру; ақын-жыраулардың өмірбаяны мен оларды жинаушыларға қатысты арнаулы картотека жасау; қордағы барлық материалдардың шифрын түзу;  қиын оқылатын ескі араб қарпіндегі мәтіндердің қысқаша мазмұнын жазу.

     Осындай орасан зор жұмыстарды атқару нәтижесінде қолжазба материалдарының мұрағаттанған және жанр бойынша жүйеленген картотекасы жасалынды, оның жалпы саны – 80 мың атауды құрады.

     1964 жылы Қолжазба және мәтінтану бөлімінің қарымына алғашқы ауқымды жоспарлық жұмыс – қордағы қолжазбалардың ғылыми сипаттамасын жазу іс-шарасы қолға алынды.  Келесі жылы жұмыстың алғашқы нәтижесі ретінде   «Қазақ батырлар жырының ғылыми сипаттамасы» атты тұңғыш қолжазбалар көрсеткішін баспаға дайындау жұмысы басталды.

     Қазақстанда алғашқы рет қолжазба мұралардың ғылыми сипаттамасын жазу сынды үлкен тақырыпқа кіріскенде бөлім қызметкерлерінің бұл саладан айтарлықтай тәжірибесі болмаған еді. Сондықтан қызметкерлерге КСРО-ның белгілі ғылыми орталықтары – Москва, Ленинград, Душанбе, Ташкент және Рига қалаларындағы қолжазбалардың ғылыми сипаттамасын жасау жөніндегі беделді ғалымдармен байланыс орнатып, олардың озық тәжірибесінен үйренуге тура келді. Нәтижесінде қолжазба бөлімінде алдымен ғылыми сипаттама жасаудың әдістемелік жобасы жасалды. Бұл тәжірибелік әдістемені бөлімнің кіші ғылыми қызметкері Балташ Ысқақов орындады. Қысқа мезгіл ішінде осы әдістемелік басшылықты негізге алған бөлім қызметкерлері 103 жырдың ғылыми сипаттамасын жазып шықты. Олардың қатарында М.Ғұмарова, Т.Қанағатов, Қ.Қабдолова сынды қызметкерлер 1000 атаулы қолжазба материалға өңдеу жұмысын жүргізіп, 2000-нан астам  жанрлық картотека түзді.

     Бөлім жұмыс істей бастаған алғашқы жылдарда ғана қызметкерлердің анықтауымен ғана қолжазбалар қорына КСРО және Қазақ КСР Орталық ғылыми кітапханаларынан, сондай-ақ Москва, Ленинград, Қазан қалалары мұрағаттарынан қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты 95 сирек кітап пен 40-қа жуық түрлі қолжазбалар алынды.

     1964 – 1966 жылдары бөлім қызметкерлерінің мынадай еңбектері   жарық көрді: «Айтыс»  жинағының 1–3-томдары (Құраст.: Ш.Ахметов, Б.Ысқақов), «Көрұғлы» (Құраст.: М.Ғұмарова), «Біржан – Сара айтысы» (Құраст.: Б.Ысқақов, Ш.Ахметов), «Сәбит Дөнентаевтың шығармашылық жолы» (Құраст. Б.Ысқақов), «Халық ақыны С.Жанғабыловтың бір томдық таңдамалы шығармалары» (Құраст.: М.Ғұмарова, Г.Жамансарина, К.Сыздықов),  «Қазақтың 100 шешендік сөзі» (Құраст.: Т.Қанағатов).

     1966-1968 жылдары бөлімнің қызметкерлер құрамы аға ғылыми қызметкер Ү.Субханбердинадан (қызметке алынған) басқалары өзгеріссіз жұмыс істеді. 1968 жылы 14 наурызда Қолжазба бөлімі меңгерушісінің уақытша атқарушысы міндеті Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі ақын әрі әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты Сағынғали Сейітовке жүктелді, кейін ол жария байқау бойынша тағайындалды.

     1968 жылы бөлімге Б.Әзібаева (шілдеден), Е.Байтоқов (тамыздан) сынды жаңа  қызметкерлер жұмысқа орналасты. Келесі жылы филология ғылымының кандидаты С.Сейітов  «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл» мерейтойлық медалімен және мақтау қағазымен, ал 1970 жылы бөлімнің бір топ қызметкерлері: М.Ғұмарова, Б.Ысқақов, Ш.Ахметов, С.Сейітов «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

     1970 жылыбөлім қызметкерлерінің мынадай еңбектері жарық көрді:        «Әдеби мұра»атты революцияға дейін жарық көрген қазақ басылымдардағы әдеби мұралар жинағы (Құрастырып, алғысөзін жазған Ү.Субханбердина), «Татар әндері» өлеңдер жинағы (Құрастырып, алғы сөзін жазған С.Сейітов).

     1972 жылы Қолжазба бөлімі жаңа қызметкерлермен толығып, мынадай  құрамда жұмыс істеді:    С.Сейітов (бөлім меңгерушісі), М.Ғұмарова, Ш.Ахметов, Б.Ысқақов, М.Бөжеев, Ү.Субханбердина (аға ғылыми қызметкерлер), Е.Байтоқов, Г. Сұлтанғалиева, Т. Қанағатов (кіші ғылыми қызметкерлер), С.Шоқпарова, Б.Әзібаева, Қ.Қабдолова (аға лаборанттар), С.Ялымова (лаборант).

     Осы жылы Институт директоры Ә.Шәріповтың 16 наурыздағы № 23 және 11 сәуірдегі № 29 бұйрығымен  Қолжазба және мәтінтану бөлімінің аға ғылыми қызметкерлері М.Ғ.Ғұмароваға  Қазақ КСР ҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасы қолжазба қоры бойынша істеген  ғылыми өңдеу жұмыстары және Ү.Субханбердинаға «Қазақ кітаптары» (1807-1917 жж.) библиографиялық көрсеткішін құрастырғаны үшін алғыс жарияланды.

     1973 жылы Институт басшылығының ұйғарымымен Қолжазба және мәтінтану бөлімінің негізінде Фоно-фото-кино бөлімі жасақталды.

     Жаңа құрылған бөлімінің жетекшісі болып тәжірибелі маман Ү.Субханбердина тағайындалып, ғылыми жұмысына П.Рожковский, Ж.Молдағалиев, Т.Гаитов сияқты қызметкерлер жұмысқа тартылды. Ал 1975 жылы А.Жетпісбаева, Ф.Оразаева сынды қызметкерлермен тағы да толықты.

     1972–1973 жылдары мынадай ғылыми еңбектер жарық көрді: Ү.Субханбердинаның құрастыруымен «Қазақ кітаптары» (1807-1917 жж.) библиографиялық көрсеткіші (1972), фольклортанушы М.Ғұмарованың  құрастыруымен «Көрұғлы» (1973) дастаны.

     1975 жылы 1 шілдеде Институт басшысының бұйрығымен фольклортанушы, филология ғылымының кандидаты О.А.Нұрмағамбетова  институт директорының орынбасары қызметінен босатылып, Қолжазба және мәтінтану бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.   Осы кезде бөлімге Б.Балажанов, Ж.Әбішев (аға лаборанттар), З.Уәлиева (лаборант) сияқты мамандар қызметке алынады.

     Қолжазба және мәтінтану  бөлімінің  1976–1978 жылдардағы жоспарлы зерттеу тақырыбы «Қазақ фольклоры үлгілерінің көптомдық басылымы және оның мәтінтану мәселелері» деп аталады (жетекшісі – О.Нұрмағамбетова),  оның орындалуына фольклортану бөлімінің қызметкерлері де қатысты. Бұл тақырып бойынша қаһармандық эпостың 1-томы, айтыстың 1-томы, «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» алғашқы кітабы (Батырлар жыры. 1-том. /Жалпы редакциясын басқарған – академик М.Ғ.Ғабдуллин. Алматы, 1975.),  сонымен бірге Шығыс хикаяларының желісіне құрылған «Ғашық-наме» жинағы (Құраст.: Ү.Субханбердина),  қазақ, орыс тілдеріндегі «Қобыланды батыр» жыры нұсқалары (Құраст.: Н.В.Кайдш–Покровская, О.Нұрмағамбетова)  жарыққа шықты.

     1978–1979  жылдары   Қолжазба  және  мәтінтану   бөлімінің  құрамына М.Шафигов (кіші ғылыми қызметкер), Ә.Алманов (аға лаборант) қабылданса,   Фоно-фото-кино бөлімі кадрлық өзгеріссіз жұмыс істеді.

     1979 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшылығы   қазақ халқының әдеби мұраларын зерттейтін Қолжазба орталығын ашу жөнінде мәселе көтерді. Бұл ұзақ жылдар бойы жинақталып, қордаланып келген көкейкесті мәселе болатын. Орталық ашу мәселесі сол кездегі республикалық баспасөзде, әдеби-ғылыми еңбектерде, баяндамаларда жекелеген адамдардың пікірі ретінде айтылып келген еді.  

     Бұл бастамаға осы салада көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан, қазақ қолжазбаларының проблемаларын жақсы білетін, халық мұраларына жаны ашитын зиялы қауым өкілдері мен институттың фольклортанушы, әдебиеттанушы ғалымдары ұйытқы болды. Олар Қазақ республикасының үкіметіне жазған ұсыныс хаттарында 1976 жылы КСРО Жоғары Кеңесі қабылдаған «Тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау және оларды пайдалану» туралы заңына сүйене отырып, Қазақ КСР Ғылым академиясына қарасты ғылыми-зерттеу институттарында тарих, этнография, фольклор, әдебиет тарихы және өнер салаларына қатысты қолжазбалардың мол қоры жинақталғаны алға тартылып, бұл мұралардың ғылыми маңызы жылдан жылға арта түскеніне, олардың Қазақстан мен Орта Азияның тарихы мен мәдениетін, өзге де ғылым салаларын зерттеуде, сондай-ақ ел экономикасы мен шаруашылығын дамытуда зор тарихи рөлі бар екендігіне, бірақ соңғы кезге дейін оларды сақтау, ел игілігене жаратып пайдалану, ғылым тұрғыдан зерттеу жұмыстарының істелмегендігіне назар аударды.

     Қазақстан халқының сол кезеңдегі қалыптасқан рухани-экономикалық жағдайына байланысты жаңа іс-шараларды жедел қабылдаудың қажеттілігі дәлелденді. Әсіресе М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба бөліміндегі және Қазақ КСР ҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорларындағы мұраларды заман талаптарына сай сақтау және ғылыми өңдеу қажет ететіндігі баса айтылды. Қазақ КСР А.С.Пушкин атындағы көпшілік кітапханасы қорында (қазір ҚР Ұлттық кітапханасы), сондай-ақ Москва, Ленинград, Ташкент, Фрунзе, Қазан, Уфа, Астрахань, Омбы т.б. қалалардың орталық кітапханалары мен мұрағаттарында сақталған қазақ қолжазбаларын   елге қайтару мәселелері де сөз болды.

     Қолжазба мұраларға байланысты қордаланған мәселелер қорытыла келіп, жоғарғы билік орындарына төмендегідей ұсыныстар жасалды:

а) қазақ және өзге тілдердегі (қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты еместер де бар) қолжазбалар мен литографиялық басылымдарды  бір    жерге жинақтау;

ә) олардың заман талаптарына сай дұрыс сақталуына жағдай жасау;

б) қолжазба мұралардың ғылыми құндылығын анықтау мақсатында ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізу.

Сонымен, бұл ұсыныстарды орындаудың тиімді жолы  – Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов Әдебиет және өнер институты құрамында «Қолжазба және мәтінтану орталығы» ғылыми құрылымын ашу қажет деп есептелді.

Болашақ «Қолжазба орталығының» құрылымы мына құрамда  қарастырылды:

  1. Сақтау және фотолаборатория секторы – 7 қызметкер
  2. Қолжазбаларды өңдеу және қайта қалпына келтіру секторы – 7 қызметкер
  3. Мәтінтану секторы – 8 қызметкер
  4. Жарияланым секторы – 9 қызметкер

     Әдебиет және өнер институтының  ғылыми орталық ашу туралы сұранысын қолдап, Қазақстан КП Орталық комитеті басшылығына өз тарапынан ұсыныс жасады (М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты басшылығының Қазақстан КП Орталық комитетімен Институт жанынан жаңа Қолжазба орталығын ашу туралы жазысқан хат-хабарлары. 1979.  Дереккөз: Институт мұрағаты). Бірақ бұл жақсы бастама, бағалы ұсыныс белгісіз себептермен іске асқан жоқ.

     Осы жылдары Фоно-фото-кино бөлімінің құрамына М.Аманкұлов (инженер), М.Дәрімбетов (лаборант), М.Ұйықбаева (стажер), М.Жиенғалиев (инженер) сынды қызметкерлер алынды.

     1981–1982 жылдары Мәтінтану және қолжазба бөлімінің құрамы 1 лаборантпен (Г.Мамутова) толықты. Аталған жылдары «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» көптомдығын баспаға дайындау  жұмысы жалғастырылып, 1979 жылы көрсеткіштің 2-томы «Ғашықтық жырлар» (Құраст.: З.Ахметов, Ш.Ахметов, М.Ғұмарова) және 1981 жылы 3-томы «Тарихи жырлар» деген атпен (Құраст.: З.Ахметов, Ш.Ахметов, М.Бөжеев) жарық көрді.

       1983 жылы Қолжазба және мәтінтану бөлімі мен Фоно–фото–кино бөлімі біріктіріледі де,  ол  «Қолжазба және фоножазба бөлімі» болып қайта құрылады. 1983–1985 жылдары бөлімнің меңгерушісі міндетін институт директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Б.Базарбаевтың өзі қосымша атқарады.

     1983–1986 жылдары бөлімге қызметке А.Айдашев, И.Муршель (кіші ғылыми қызметкер) алынып,  1989 жылы олардың қатарына  С.Сүтжанов, Г.Түлкібаева (аға лаборанттар), З.Парфенова (жұмысшы), Д.Есенжанова (стажер-зерттеуші) қосылды.

     Бұл жылдары да «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» (ХҮ-ХІХ ғасырлардағы ақындар шығармашылығы) көптомдығын дайындау ісі қарқын алып, бөлім қызметкерлерінің қатысуымен көрсеткіштер топтамасының 4 – 6 томдары (1985, 1989), «Қазақ халық әдебиеті» көптомдығының он бір томы, дәлірек айтқанда,  «Батырлар жырының»  бес томы (1986–1989),  «Ертегілердің» төрт томы (1988–1989), «Айтыстың»  екі томы (1988) жарық көрді.  Жинақтарды құрастырып, ғылыми түсініктерін жазуға М.Ғұмарова, О.Нұрмағамбетова, Қ.Сыдиықов, Ж.Әбішев, А.Айдашев, Т.Алпысбаев, Е.Құдайбергенов, А.Алманов сияқты қызметкерлер қатысты.

     1990 жылдың 1 тамызы күні Қазақстан үкіметі өз шешімімен  «М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанынан «Қолжазба және мәтінтану» ғылыми орталығын  ашу туралы» арнайы қаулысын қабылдады. Бұл  Қазақстан тарихында  тұңғыш рет ашылған ескі қолжазбалар мен литографиялық кітаптарды зерттеумен айналысатын бірден-бір мамандандырылған ғылыми құрылым болды.

     «Қолжазба және мәтінтану» ғылыми орталығы құрамына жаңадан ашылған: Ғылыми сипаттама және жүйелеу, Фольклорлық жазбалар және мұрағаттау бөлімдері, сондай-ақ  бұрынғы Қолжазба және фоножазба бөлімінің негізінде құрылған  «Мәтінтану және жариялау» бөлімдері енгізілді.

     Орталықтың жетекшісі лауазымына белгілі фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты Шәкір Ыбраев тағайындалды. Ал оның үш құрылымдық бөлімдеріне: Мәтінтану және жариялау бөліміне – филология ғылымының докторы Ә.Нарымбетов, Фольклорлық жазбалар және мұрағаттау бөліміне – жазушы-этнограф, филология ғылымының кандидаты А.Сейдімбеков, Ғылыми сипаттама және жүйелеу бөліміне – филология ғылымының кандидаты  Ш.Ыбраев меңгеруші (бұл қызметті қосымша атқарды)болып бекітілді.

     1985–1990 жылдарға арналған «Қазақ фольклорының үлгілері» атты ғылыми-зерттеу жоспарының  жұмысын Мәтінтану және жариялау бөлімі атқарды. Құрамында Ә.Нарымбетов (тақырып жетекші), Б.Әзібаева (аға ғылыми қызметкер), Ә.Алманов (ғылыми қызметкер), Ж.Әбішев, Т.Алпысбаев (кіші ғылыми қызметкерлер), К.Ханафин (аға лаборант), Г.Сыдықова, М.Өтемісова, О.Некрасова, Г.Сұлтанбаева (лаборанттар)  сынды қызметкерлер жұмыс істеді.

     Осы кезеңде «Қазақ халық әдебиеті» көптомдығын баспаға дайындау  жұмысы да жалғасын тауып, «Батырлар жырының» бір томы (1990), «Дастандардың» екі томы (1990) және «Дала уалаяты газетінің» әдеби нұсқалар мәтіндерінің үш кітабы (1989, 1990, 1992) жарық көрді. Бұл жинақтарды құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: О.Нұрмағамбетова, Қ.Сыдиықов, Ү.Субханбердина, Б.Әзібаева, М.Шафиғов, Т.Алпысбаев, Е.Құдайбергенов сынды қызметкерлер болды.

     Көптомдықтарға «Едіге», «Алаңқай», «Бозқұлан», «Күреңбай», «Шора», «Шал батыр», «Бозоғлан», «Бахтияр»,«Шәкір-Шәкірат», «Мұңлық-Зарлық» т.б.  ондаған бұрын жарияланбаған  жырлар мен дастандардың нұсқалары мен версиялары енгізілсе, әдеби нұсқаларда «Дала уалаятының газетінде» жарияланған таңдамалы материалдар берілді.

     1990–1995 жылдарға арналған «Фольклорлық мұраларды жинау, сақтау және жүйелеу әдістемесінің мәселелері» атты жоспарлы ғылыми-зерттеу жұмысымен  Фольклорлық жазбалар және мұрағаттау бөлімі шұғылданды. Бұл бөлімнің қызметкерлері: А.Сейдімбеков (тақырып жетекшісі), Ф.Оразаева (аға ғылыми қызметкер), Ұ.Әбдіғаппарова, Қ.Алпысбаева, Қ.Әбілқасымов, Ф.Бейсенбаев, С.Сүтжанов, С.Оразбаев, Д.Есенжанова, Ғ.Қалибекұлы (кіші ғылыми қызметкерлер), Г.Молдашева,  Ф.Қабдықайыров, Г.Жиенбаева (аға лаборанттар), Ш.Тұмсабаева (лаборант).

Фольклорлық жазбалар және мұрағаттау бөлімі 1990 жылдан бастап жұмыс істеді және онда мынадай ғылыми жұмыстар атқарылды:

а) қолжазбалар мен фоно-фотоматериалдарды ғылыми жүйелеу және олардың картотекасын жасау;

ә) араб, латын әріптерінде жазылған қолжазбаларды қазіргі қазақ жазуына түсіру және оларды қайта жаңғыртудан өткізу;

б) қолжазба қорын байыту  мақсатында ғылыми экспедициялар ұйымдастыру және олардың жұмысын реттейтін координациялық жұмыстар жүргізу;

г) қолжазба орталығының жұмысын жетілдіру үшін фольклорлық мұраларды жинау, сақтау және жүйелеу жұмыстарының әдістемелік көмекші құралын басып шығару.

     Осы жылдары «Қазақ қолжазбалары және  оларды ғылыми сипаттау мен жүйелеудің проблемалары» атты тақырыппен  Ғылыми сипаттама және жүйелеу бөлімі қызметкерлері шұғылданды. Бөлімде Ш.Ыбыраев (тақырып жетекшісі), Ү.Субханбердина (аға ғылыми қызметкер), М.Шафиғов (ғылыми қызметкер), Қ.Саттаров, С.Сәкенов, Г.Түлкібаева, Б.Қорғанбеков, М.Бекмолдаев, Б.Шоңқабаев, П.Әуесбаева, Ж.Шалғынбаева, А.Сағындықұлы (кіші ғылыми қызметкерлер), Т.Әлбеков, З.Сәмтікбаева, С.Баһрамова (аға лаборанттар) Г.Жиенбаева (лаборант) қызмет істеді. Бөлімнің жұмыс жүйесі халықаралық Аарне – С.Томпсен әдістемесі бойынша атқарылды.

     1992 жылы қоғамдағы уақытша қиындықтарға байланысты мекеме құрылымдарында көптеген өзгерістер орын алды. Институт директорының 24 наурыздағы № 40 бұйрығы бойынша қызметкерлер саны қысқартылды да  Фольклорлық жазбалар және мұрағаттау және Қолжазба және фоножазба бөлімдерінің негізінде Деректану, библиография және ғылым тарихы бөлімі құрылды. Жаңа бөлім мынадай құрамда жасақталды: Ә.Нарымбетов (бөлім меңгерушісі), Г.Ордаева, Ж.Исаева, Д.Әбдіков (аға лаборант), Г.Қанаева (архив меңгерушісі), Г.Ибрагимова (лаборант).

     Институт басшысының 1994 жылғы  15 желтоқсандағы №146 бұйрығымен  сол жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында мекеменің бөлім меңгерушілері мен ғылыми қызметкерлері арасында өткізілген аттестациялау қорытындысына байланысты ғылыми күштерді үнемді пайдалану мақсатында кейбір бөлімдер біріктірілді, соған орай екі жыл бұрын құрылған Деректану, библиография және ғылым тарихы бөлімі енді «Қазіргі қазақ әдебиеті» бөліміне қосылды.

     1995 жылы Қолжазба және мәтінтану бөлімінің меңгерушісі болып филология ғылымының  докторы, профессор Сейіт Қасқабасов тағайындалды (бұл қызметті 1998 жылға дейін атқарды).

     Сол жылдары бөлімде қолжазбаларды жүйелеуге байланысты үлкен шаралар қолға алынып, қорда сақталған мұраларға атауына, бумасы мен жанрына байланысты картотека жасалып, кейін оның электронды нұсқалары түсіріле бастады. Институттың фоно қорында сақталған үнтаспаларды (жалпы ұзындығы – 700 шақырымға жуық) тыңдауға, зерттеуге қолайлы және болашақ ұрпаққа жақсы сақталған күйінде жеткізу үшін заманауи техниканы пайдаланып, CD-ROOMға көшірілді. Сонымен қатарҚазақ қолжазбаларының текстологиясына қатысты екі монографиялық зерттеу жазылды. Әсіресе, халық мұраларын тарих қойнауынан үлкен қажырлықпен қайта жаңғыртқан танымал библиограф, әдебиетші ғалым Ү.Субханбердинаның еңбегі зор.

     Осы жылдары Ү.Субханбердинаның жетекшілігімен «Қазақ. Алаш. Сарыарқа» (1993), «Дала уалаяты газеті» жинағының 4, 5-ші кітаптары (1994, 1996),  «Ғашықтық дастандар» (1994), «Батырлық дастандар» (1995), «Айқап» (1995) және   әдебиетшілер: А.Сейдімбековтің, Б.Әзібаеваның, Б.Адамбаевтың, М.Шафиғидың, С.Сәкеновтың т.б. құрастырып, дайындауымен  «Абылай хан» (1995), «Кенесары – Наурызбай» (1995), «Мақал–мәтелдер» (1996) сияқты жинақтар жарыққа шығып жатты.

     Бұл кезеңде қазақ әдебиеттануы тарихында бұрын қолға алынбаған ХІХ ғасырдың 2-жартысында Қазақстан аумағында шығып тұрған алғашқы  мерзімді басылым  – «Түркістан уалаяты газетінің» әдеби нұсқаларымен  халқымыз қайта қауышты (Құраст.: Ү.Субханбердина, П.Әуесбаева, Т.Әлбеков, С.Қосан, Т.Әкімова).

     Одан соң «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасының» 7-томы (Ертегілер) баспаға тапсырылды. Бірақ қаржы  қиындықтарына байланысты бұл жинақтар біраз кідірістен соң  2003 жылы ғана баспадан шықты.

     1998 жылы бөлім меңгерушісі болып филология ғылымдарының докторы Ж.Тілепов тағайындалды. Бөлімде қолжазба мұраларды жүйелеу жұмыстары жалғастырылып, 1998 жылы қызметкерлер Ұлттық Ғылым академиясы ұйымдастырған ғылыми экспедицияға қатысты. Осы сапарлар барысында жинақталған материалдардың негізінде  2001 жылы «Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдері» атты жинақ баспаға әзірленіп, кейін жарыққа шығарды (Құраст.: Қ.Алпысбаева, П.Әуесбаева, Т.Әлбеков, С.Қосанов, С.Сәкенов).

     1999 жылы ХІХ ғасырдың белгілі өкілі Шал ақынға байланысты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, ақын шығармалары алғаш рет «Шал Құлекеұлының шығармашылары» деген атпен жеке жинақ болып басылып шықты (Құраст.: С.Қосанов, Т.Әлбеков).

     2000–2006 жылдары Қолжазба және мәтінтану бөліміне филология ғылымдарының докторы Б.Әзібаева жетекшілік жасады. Бұл жылдары құрылымда Қ.Алпысбаева, С.Ақашева,  Ж.Шалғынбаева, П.Әуесбаева, Р.Әлмұханова, Т.Әлбеков, С.Қосан, М.Жұмәділова, Б.Әбжетов, Т.Әкімова, Ж.Рақышева, Н.Мұрсәлімова, Г.Тұрлықожаева, Ж.Салтақова, А.Ақан, Г.Сапарғалиева, Н.Садықова, Д.Дайыров, Б.Жайлыбаев, М.Әлсейітова  еңбек етті.

     2002 жылы Орталық қызметкерлері мысал және жазба айтыстардың жеке-жеке жинақтарын баспаға әзірлеп, академик С.Қасқабасовтың бастамасымен «Бабалар сөзі» көптомдығының алғашқы жеті томы жарық көрді. Олар мыналар: «Діни дастандар»(1–3 томдар), «Хикаялық дастандар» (4–5 томдар), «Жұмбақтар» (6-том), «Шора батыр» жыры (7-том).  Томдарды баспаға дайындауға Б.Әзібаева, Қ.Алпысбаева, Т.Әлбеков, С.Қосан, М.Жұмәділова, Б.Әбжетов, Т.Әкімова, Ж.Рақышева сынды бөлім қызметкерлері және Ш.Керім, Б.Қорғанбеков сияқты басқа мекемелер мамандары тартылды.

     Сондай-ақ осы жылы бөлім жоспарынан тыс негізде «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Құраст.: Ш.Ыбыраев, П.Әуесбаева) жинағы жарық көрді.

     2004 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың арнайы қаулысымен орасан зор Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалып, оны жүзеге асыру жұмысы басталды. Шын мағынасында ұлттық ауқымдағы ұлы рухани жоба болып саналатын   «Мәдени мұра» бағдарламасының бір тармағы қазақ фольклорының 100 томдық жаңа ғылыми басылымын даярлау іс-шарасы қолға алынып, ол   «Бабалар сөзі» сериясы деп аталды. Жүзтомдықтың жоспарын жасауға академик С.А.Қасқабасов бастаған институттың танымал ғалымдары атсалысты.

      «Бабалар сөзі» сериясы бойынша қазақтың аса бай фольклорлық мұралары Қолжазба және мәтінтану бөлімінің 2002 жылы басталған  жоспарлы жұмысының жалғасы ретінде, бірақ жаңа үлгідегі ғылыми басылым болып дайындалып, Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан  шығаруға келісім-шарт жасалды.

     2004–2006 жылдары мына жүйеде жиырма төрт том фольклорлық мұра жарық көрді:  тоғыз том – «Хикаялық дастандар» (1– 9 томдар),  жеті том   – «Діни дастандар» (10 –  16-томдар), алты том – «Ғашықтық дастандар» (17 –22-томдар) және екі том – «Қытайдағы қазақ фольклоры» (23, 24-томдар). Томдарды құрастырып, ғылыми қосымшаларын жазуға Б.Әзібаева, Қ.Алпысбаева, П.Әуесбаева, Т.Әлбеков, С.Қосан,  М.Жұмәділова, Б.Әбжетов, Т.Әкімова, Ж.Рақышева,  Ж.Салтақова, А.Ақан секілді қызметкерлер ат салысты және Қытай Халық республикасында тұратын қазақ азаматы Оразанбай Егеубаев үлкен азаматтық үлес қосты.

     2005 жылы «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» көрсеткішінің дастандарға арналған 8-томы жұмысы сәтті аяқталып баспадан шықты (Құраст.: Қ.Алпысбаева).

    2006 жылы қараша айында Қолжазба және мәтінтану бөлімінің негізінде  «Мәтінтану және деректану» және «Қолжазба» деген екі дербес құрылым жасақталды.

     Жаңа Қолжазба бөлімінің жетекшісі қызметіне ақын әрі әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосан тағайындалды. 2006–2009 жылдары бөлімде С.Қосан (меңгеруші), Қ.Алпысбаева, С.Сәкенов, Қ.Тастанов, Т.Әкімова, Ж.Салтақова, М.Әлсейітова, Е.Сманова, Б.Тұрлымбеков, М.Меңлібаева, С.Айпенова, Г.Иманәлиева, Н.Елесбай, Ғ.Райыс (2009 жылдан), А.Оралбек (2009 жылдан)  қызмет атқарды.

   Аталған кезеңде «Бабалар сөзі» сериясы бойынша отыз тоғыз том төмендегі жинақтар басылып шықты:   сегіз том–«Қытайдағы қазақ фольклоры» (25–32-томдар), жиырма том –«Батырлар жыры» (33 – 52-томдар),  үш том –«Ғашықтық жырлар» (53–­55-томдар) және сегіз том –«Тарихи жырлар» (56–63-томдар).Жинақтарды құрастырып, ғылыми қосымшаларын жазуға бөлім қызметкерлері: С.Қосан,  Б.Әзібаева, Қ.Алпысбаева, Т.Әлбеков, Т.Әкімова, С.Сәкенов, Қ.Тастанов, Ж.Рақышева, Ж.Салтақова, А.Ақан, Б.Тұрлымбеков,  Н.Мұрсәлімова,  Н.Елесбай, А.Оралбек және басқа бөлімдерден С.Қорабаев, О.Егеубаев, С.Дәуітұлы, А.Әлібекұлы, М.Шафиғи  жұмылдырылды.

    2010 жылы бөлім меңгерушісі қызметіне филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Т.Әлбеков тағайындалды және бөлімге жаңа қызметкерлер алынды (Қ.Орынғали, Н.Мұрсәлімова).Осы  жылы  «Бабалар сөзі» сериясы бойынша жеті жинақ дайындалды: бір том – «Жұмбақтар» (64-том); бес том – «Мақал-мәтелдер» (65– 69-томдар); бір том – «Қара өлең» (70-том)  және жоспардан тыс жұмыс бойынша «Қазақ қолжазбалары» сериясының екі томы (Авторлық тарихи жырлар. 1, 2-томдар.) басылым көрді. Жинақтарды құрастырып, ғылыми қосымшаларын дайындаушылар: Т.Әлбеков,Қ.Алпысбаева,С.Қосан, Қ.Орынғали, Т.Әкімова, Н.Елесбай, А.Оралбек, Ш.Керім, Г.Рахымбаева.

     Бөлім қызметкерлері 2002– 2010 жылдары бекітілген жоба бойынша қорда сақталған  қолжазбаларды жүйелеу, олардың электронды каталогын жасау, ғылыми сипаттамасын жазу, қазақ эпосының бұрын-соңды жарық көрмеген таңдаулы үлгілері мәтіндерінің электронды жинағын әзірлеу жұмыстарына белсене араласып, іргелі зерттеулерге қол жеткізді. Дәлірек айтқанда, көрсетілген мерзімде «Электронды жинақтың» 1– 38 томдарын,  «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» көрсеткішінің 9-томын баспаға әзірлеп, қолжазбалардың 1– 738-бумаларын жүйеге  түсірді және олардың электронды каталогын жасады.

     Бөлім қызметінің іргелі зерттеу бағыты бойынша биылғы істелетін жұмысының маңыздысы – «Тәуелсіздік идеясын жырлайтын қазақ эпостарының қолжазба нұсқалары: сақтау, жүйелеу, жариялау мәселелері» атты монографиялық зерттеу.

     Ұжымдық еңбекте Институттың қолжазба бөлімінде және еліміздің өзге де сирек қорларында сақталған  эпостық шығармалар – Алпамыс батыр, Қобыланды батыр, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Едіге, Орақ-Мамай, Қарасай-Қази, Абылайхан, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Ер Ағыбай, Жанқожа батыр т.б жырлардың жиналу тарихы, сақталу және жариялану үдерістері,  нұсқаларының сюжеттік желісіндегі ерекшеліктері талданып, туындыларға арқау болған халықтар ынтымағы,  ұлт бірлігі, ел  тәуелсіздігі, мемлекет тұтастығы, отаншылдық идеялары жан-жақты қарастырылады.

Біздің қордан ертеден сақталған бірнеше қолжазбалар үлгілері

1 үлгі

2 үлгі

3 үлгі

4 үлгі